шапка для вопросы и ответы

ОРАЗА РУХЫ
Аса Қайырымды, шексіз мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын!

Бүкіл әлемдердің Жаратушы Иесі Аллаһ Тағалаға барлық мақтау! Рамазан – ауыз бекітіп, құлшылық қылатын, Аллаһтың жарылқауы мен берекесіне толған қасиетті ай. Бұл айда Аллаһ Тағала ізгі істер үшін сауапты есепсіз арттырады, жақсылық пен қайырымдылық қақпасы әрбір аңсағанға кеңінен ашылады. Рамазанды Құран айы деп атайды, себебі бұл айда Қасиетті Құран Кәрім түсе бастаған. Аллаһ Тағала былай деді: «Рамазан айында адам баласына тура жол және ақ пен қараны айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын» (Қасиетті Құран 2:185).

Құран Кәрім - адамзаттың ақыл-санасына жолданған ұлы Аллаһтың кемел сөзі. Аллаһ Тағала адамзатқа деген шексіз қамқорлығы, жанашырлығымен оларды адасу мен күпірліктің шырмауынан имандылық пен терең білімнің жарығына шығару үшін Құран Кәрімді ақиқат пен жалғанды айырып, турап жолды көрсетуші, жанға тыныштық әкеліп, шипа болатын Кітап ретінде жіберді. Бұл дүниенің де, ақыреттің де бақытына Құран Кәрімнің қағидаларын ұстанумен ғана жетуге болады. Ислам дініндегі сенім – Құдайға деген соқыр табынушылық пен ұғымсыз құлшылық қылу немесе түсініксіз жұмбақ салттарды орындау емес. Исламдағы сенім – адамның сана-сезімін имандылыққа жетелеуші, өмірдің мән-мақсатын белгілеуші рухани күш. Сондықтан мумин (шынайы иман келтіруші) адам Құранның асыл аяттарындағы ақиқатты санасына сіңірген, Жаратушысының сөзін басшылыққа алған парасатты, белсенді, рухани бай тұлға.

Рамазан айында Аллаһтың нұры құлдарына ерекше күшпен төгіліп тұрады. Жұмақтың қақпалары ашылып, тозақтың  қақпалары жабылады. Бұл  айда лағнетке ұшыраған шайтан кісенделеді. Бұл айда өзінің кейбір дене қажеттіліктерін шектеу есебінен, адам рухани жетілуге, Жаратушысына жақындауға көп мүмкіндік алады.

Ораза араб тілінде «саум» - өзін-өзі тежеу, шектеу дегенді білдіреді. Яғни ораза- таң атқаннан күн батқанға дейін Аллаһ ризалығы үшін ниет етіп, ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан, шылым шегуден тыйылу. Ораза тұту – әрбір мұсылманға парыз болған ғибадат. Оразаны ықыласпенен, осы мінедделген бұйрықтан қанағат ала отырып, тек Бір Аллаһтың разылығына жетуді мақсат етіп, Оның марапатынан үміттеніп ұстау қажет. Аллаһ Тағала Құранда айтады: «Әй, муминдер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар» (Қасиетті Құран 2:183).

Ораза бұрынғы халықтар мен қауымдарға да басқаша формада бұйырылған, себебі ораза барлық замандарда адам баласына тек пайда әкеледі. Оразаның негізгі пайдасы – тақуалық пен ізгілікке жету, өз мінез-құлқыңды кемелдендіру. Бұл қасиеттер әркімге қажет, онсыз адам жеке басында да, отбасылық қатынаста да, қоғамдық тұрмыста да бақытты бола алмайды. Пайғамбарымыз, Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын: «Ораза ұстаған адам бұзықтық істемесін, дауыс көтермесін, ал егер біреу оны балағаттаса немесе оған соқтықса: «Мен - оразамын»- десін», сондай-ақ: «Ораза тұтқан адам өтірік сөз бен оған амал қылудан тыйылмаса, Аллаһқа оның ішіп-жеуден тыйылуының қажеті жоқ»-деген.

Адамның Аллаһқа деген ықыласы оразасында байқалады, себебі оның оразаны қалай ұстағаны бір Аллаһқа ғана аян. Ол басқалардан жасырын тамақ немесе су іше алады, алайда өзін үнемі Аллаһтың бақылауында екенін есте ұстап, өзін тежейді. Қалаған нәрсесін еш кедергісіз алуға мүмкіншілігі бола тұра Раббысының разылығы үшін саналы түрде бас тартады. Салиқалы сахабалар бұл тұрғыда: Ораза тұтсаң, сенің құлағың да, көзің де, тіліңе харам нәрселерден тыйылып, ораза ұстасын», «Кім харам нәрсеге қарамай, назарын сақтаса, Аллаһ оның ішкі жан-дүниесіне жарық сыйлайды (рухани назар)»,-деген екен.

Ораза әсіресе жастардың жыныстық инстинктілерін басады, солайша моральді ауытқудан қорғайды. Бұл жөнінде Пайғамбар, Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын: «Уа жастар! Егер де сендердің біеулерің үйленуге жағдайы болса, үйленсін. Үйлену – көзді харамнан, бойды күнәдан сақтайды. Үйленуге жағдайы жетпегендер ораза тұтсын. Себебі ораза ол үшін қалқан»-деген. Ораза ұстау нәпсіні тұншықтырып, бұл дүниеден безу емес, керісінше адам өзін Аллаға бойсұнушылыққа және тәртіптілікке тәрбиелеу болып табылады.

Ораза тұтып, ашығудың ауырлығын білген адам екі күннің бірінде ашқұрсақ аяушылық сезімі оянады. Осы тұрғыда Пайғамбарымыз, Аллаһтың оған игілі мен сәлемі болсын: «Көршісі аш кезде өз қарнын тойдырған адам мумин емес», «Кімде-кім қиыншылыққа тап болған адамның жағдайын жеңілдетсе, Аллаһ Тағала оның өз жағдайын бұл дүниеде де, ақыретте де жеңілдетеді», «Ей, адамдар! Бұл – сабырлылық айы, ал сабырлылықтың сыйы – жаннат. Сондай-ақ бұл қайырымдылық пен жанашырлық айы», «Әрбір күні Аллаһтың пенделері таңертең ұйқыларынан оянғанда аспаннан екі періште түседі. Олардың бірі: «Ия, Аллаһ! Сенің разылығың үшін қаражатынан жұмсаған адамға шығынын артығымен толтырып бере гөр!»-дейді. Ал екінші періште «Ия, Аллаһ! Сараңның мал-мүлкін жой!»-дейді.

Ораза дененің қуатын бәсеңдету арқылы рух көзінің ашылуына көп көмегін тигізеді. Сол себепті қасиетті құранды оқып, мағынасын терең түсінуге жеңілдіктер туады. Мұны бұрынғы өткен салихалы мұсылмандар жақсы білген, сондықтан Рамазан айында Құранға ерекше көңіл бөлген. «Олар Құран оқығанда үйлерінен бейнебір бал араларының күңгірлегеніндей дыбыс шығып тұратын. Олардың үйлері Аллаһтың нұры мен мейіріміне толатын» - делінеді.

Ибн аль-Джаузи айтқан: «Аллаһ Тағала өзінің кемел сөздерінің мағынасын адамның қарапайым түсінігіне жеткізгені – пенделерін шексіз мейіріміне бөлендіргені және бұл сөз - адамның сөзі емес екенін Құран оқыған адам білуі тиіс. Бұл сөздердің Иесінің Ұлылығын түсініп, мағынасына үңілу керек».

Ибн ас-Салях: «Құранды оқу – Аллаһтың адамзатқа көрсеткен құрметі. Періштелерге мұндай құрмет көрсетілмеген. Сондықтан олар Құранды адамдардан тыңдауға ұмтылады»-деген. Аллаһтың елшісі, Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын: «Қай кезде болмасын, адамдар Құранды мағынасын түсіне отырып оқу үшін Аллаһтың үйіне жиналса, оларға міндетті түрде Аллаһтың мейірімі түсіп, тыныштық орнайды, оларды періштелер қоршайды»,- деп айтқан.

Ораза ұстаған адам өзінің ішкі дүниесін бақылауға алып, болмысын сабырсыздық, тәкәппарлық, жалқаулық, сезімқұмарлық, дүиеге шектен тыс берілу, т.с.с. жаман қасиеттерден арылып, олардың орнын көркем қасиеттермен толтырады. Аллаһқа жағу үшін барынша нәпсісімен күресіп, өзінің еркін Аллаһтың еркіне бағындырады. Исламда оны «джихаду-нафс»- бар ынта-жігеріңді салып, рухани шыңдалу, өзгені емес, өзіңді түзету, яғни ішкі күрес деп атайды. Бұл – Аллаһ жолындағы нағыз ерлік, қайраткерлік болып есептеледі. Ораза тұтушы рухани қуаттанып, иманы күшейеді.

Аллаһтың әміріне бағынбаған адам өзінің жанына да, тәніне де қиянат жасағаны. Ол Аллаһтың шексіз даналыққа негізделген кәміл заңдарын елемей, өзінің ойының, қалауының, принциптерінің жетегінде жүріп, ақиқат тура жол таппай адасу мен сәтсіздікке арандайды. Жаратушысы одан разы ма, жоқ па – оған бәрібір, ол үшін қайғырмайды. Расында ондай адам өте қауіпті жағдайда екенін өзі сезбеуі де мүмкін.

Қасиетті Құран мен Хадис шарифтерге, тарихи деректерге зер салсақ, әр кезеңдерде жеке адамдар мен тұтастай халықтардың үлкен апаттарға ұшырауына себеп болған олардың Жалғыз Аллаһқа ғана сиынып, Оның ғана құлы болудың орнына өз ой-пікірінің, қалауы мен нәпсісінің құлы болғаны, Аллаһқа бойұсынбай, тәкәппарланғанынан екенін көреміз. Бұл пайғамбарлардан кейін орындарына намазды қойып, нәпсілеріне ергендер келді. Олар жақында адасуларының сазайын тартады. Бірақ кім тәубе қылып, иман келтірген күйде түзу іс істесе, солар ешбір әділетсіздікке ұшырамай жаннатқа кіреді» - деді. (Қасиетті Құран 19: 59-60)

Мумин адамдар Аллаһқа жағатын істерге ұмтылып, күнәлардан сақтану керек. «Ер немесе әйелден кім сенген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз» (Қасиетті құран 16:97)

Оразаның медициналық тұрғыдан да адам организміне тигізетін пайдасы зор. Қазіргі заманғы ғылыми зерттеулер бойынша ол көптеген аурулардан қорғаныс әрі шипа: лимфо түйіншіктердің қызметі жақсарады, нәтижесінде иммундық жүйе нығаяды, семіру мен оның салдарын болдырмайды, организмнен токсиндер, түтікшелердің жақтауларында жиналып, қатып қалған қоқыстар белсенді түрде шығарылады. Әлсіз және ауру клеткалар аштықтан өліп, оның орнына жаңа клеткалар түзіледі. Және оразаны дұрыс ұстау психикалық аурулардың дамуын тоқтатады, ал кейбірінен мүлдем құтылуға ықпал ететіндігі анықталған. Қан айналымы да жақсарады. Дүниеге келгеннен кеткенге дейін дамыл таппайтын ас қорыту жүйесі де тынығады. Зат алмасу процестері жөнделеді, есте сақтау, ойлау қабілеті дамиды, т.б.

Емдік мақсатпен қолданатын түрлі диеталар мен ашаршылықтар организмнің дұрыс тіршілігіне қажетті көптеген тамақ түрлерін ұзақ мерзімге шектейді де, қалпына келмейтін өзгерістер туғызады. Оразада тамақтан шектелу белгілі бір уақытта ғана және тамақтың барлық түрі рұқсат, әдеттегіге қарағанда аз мөлшерде болса да барлық қажетті нәрлі заттар қабылданады.

Алайда оразаны сауығу үшін емес, Ұлы Аллаһ тағаланың разылығына жету үшін ұсталатынын ескеру керек. Себебі ораза тұту – Аллаһқа құлшылық ету. Барлық игілік пен нығметті силаушы, әрбір жаратылысына шексіз мейірімді, аса қамқор әрі жомарт бір Аллаһ қана. Ризығымыз да, сауығуымыз да тек бір Аллаһтан.

Рамазанда мұсылман өзін жеңіл сезініп, ғибадатынан ләззат алады, ізгі амалдар істеуге асығып, күналардан жиіркенеді, оразасының қабыл болуынан үміттенеді. Пайғамбарымыздың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, ардақты сахабалары алты ай бойы Рамазанға жетуді, кейінгі алты ай бойы оразаларының қабыл болуын Аллаһтан жалбарынып тілеген екен.

Кез келген игі іс ізсіз қалмайды. «Расында иман келтіріп, ізгі іс істегендер үшін фирдаус жаннаты тұрақ болады. Олар онда мәңгі қалады да өздері үшін еш өзгеріс қаламайды » - деп Аллаһ тағала муминдерді қуандырады. (қасиетті құран 18;106-107).

 

 

Жолтаева Гүлмира Нұрболатқызы


"WD_Likurg"
Тел.: 8-727-724-1463; email: Likurg@kapshagay-gov.kz
Адрес: Акимат города Капшагай, 040800: ул. Жамбыла 13, офис 106 .